Өмірбаяны

 (22.08.1845 қазіргі Семей обл., Абай ауд. – 05.071904)
   Ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. 
Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады. Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас торғайым, -


   Анасы айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, “Ісің адал болса Өскенбайга бар,арам болса Ералыға бар” деген мәтел сөз қалған.Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай туады.
Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдың “Атадан алтау, анадан төртеу..." едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған “кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобага жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди’, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы “Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балалардан алғырлығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады.
   Абай әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеуметтік өмір қайшыларын жан - жақты тани түседі. Патша үкіметінің отаршылық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің жергілікті би-болыстардың арамза әрекеттерін айнытпай танып, көкірегінде жиіркеніш сезімі оянып, соларға қарсы күресуге бел буды, “Елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын” деген тұжырымға бекіді. Осы мақсатпен болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады да, 1875-78 ж. Қоңыр-Көкше еліне болыс болады.
 
    Бұл жылдары Абай оз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразысын тең ұстауға күш салды. Әлсізге зорлық көрсеткендерді, ұрлық жасағандарды қатты жазаға тартып, халық қамқорына айналды. Оның ел басқарудағы бұл бағыты халықты қалауынша езіп-жаншып жүрген шонжарлар тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады, үстінен оязға жалған арыз айтушылар көбейді. Соның бірі Үзікбай Бөрібаевтың “Таймақкөл деген жерімді тартып алды” деген жалған арызы бойынша көтерілген іс 10 жыл сүргінге созылып, ақыры Е. П. Михаэлистің көмегімен аяқсыз қалды. П. В. Маковецкий бұл істі 1884 ж. 27 тамызда жалған жала деп тауып, қысқартып тастады. Ақын үстінен жазылған “Абай барымта алды, ауыл шайып әйел қорлады” деген бір топ шонжар дұшпандарының арызы да нәтижесіз қалды.
    Абай кеіннен, 1886 жылы Е.П.Михаэлистің ұсынысымен, Семей облыстық статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. 1880 жылы И.Долгополов, А.А.Леонтьевпен танысып, олармен тығыз қарым-қатынаста болған. Абай ел ісіне араласқан жылдарында әділділігімен, білімділігімен көрініп, халық арасында беделі өседі. 

   1885 ж. мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде Семейдің ген.-губернаторы Цеклинскийдің басқаруымен Семей губерниясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін” әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа ,зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдың атақ-даңқын осынша көкке көтерген Қарамола съезінен кейін оның дұшпандары тіпті көбейіп кетті. 1890 ж. Байғұлақ, Күнту деген жуандардан бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 ж. Оразбай бастаған дау 1897 жылга дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, Абай өміріне қастандыққа әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа хатында барынша айғақты деректермен дәлелдеп береді. 
    Ел басқару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған, "тура биде туған жоқ" принципін ұстанған. Ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбісін шығармашылыққа арнаған. 
    Абай өлең жазуды 10 жасында (“Кім екен деп келіп ем түйе қуған…”) бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері - "Йузи-рәушән", екіншісі - "Физули,
Шәмси". Өлеңдерін қағаз бетіне 80 жылдардың ортасында түсіре бастайды. "Сап, сап, көңілім", "Шәріпке", "Абыралыға", "Жақсылыққа", "Кең жайлау" өлеңдері 1870-80 жылдар аралығында жазылған. 

   Абай 3 әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан: Ақылбай, Әбдірахман, Кұлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.


Қолданылған әдебиеттер:
"Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы, І том/ Бас ред. Ә.Нысанбаев. - Алматы: "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы, 1998. - 720 бет


Комментариев нет:

Отправить комментарий